УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

“ШЫМСИТИ” САЯБАҒЫНДАҒЫ СУБҰРҚАҚҚА КЕЛУШІЛЕР САНЫ АРТҚАН

Screenshot

Шырайлы Шымкенттің шырайын арттырып, көркін келтіріп тұрған ерекше нысандардың бірі — субұрқақтар. Қаланың әрбір бұрышында орналасқан сан түрлі фонтандар бүгінде тек сәндік мүсін емес, тұрғындарға тыныс сыйлайтын сүйікті орынға айналды. Соңғы жылдары мегаполисте абаттандыру мен көріктендіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, 40-тан астам субұрқақ іске қосылды. Әсіресе «Шымсити» саябағындағы жаңадан бой көтерген мультимедиялық музыкалық субұрқақ – нағыз өнер мен технологияның тоғысуынан туған туынды. Лазерлік жарықпен, бейнепроекциямен, музыка ырғағына билейтін су атқыштарымен ерекшеленетін бұл субұрқақ келушілерге кешкі уақытта нағыз шоу-сезім сыйлайды.

Сондай-ақ, «Шымсити» бүгінде қала халқының мәдени демалыс мекеніне айналып үлгерді. Мұнда әр сенбі және жексенбі күндері ашық аспан астында түрлі концерттер ұйымдастырылады. Үшінші мегаполиске танымал әншілер, дәстүрлі өнер өкілдері, би топтары мен жас орындаушылар сахнада өнер көрсетіп, көрерменге рухани кеш сыйлап жүр. Әуенмен үндесіп, жарықпен құбылып, ырғақпен тербелген субұрқақ көрінісі мен серуендеп жүрген адамдардың шат күлкісі — бұл жерді нағыз қала жүрегі екенін дәлелдейді.