УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАР КЕНТАУДА МҰЗДАТҚЫШ ШЫҒАРАТЫН ЗАУЫТ АШПАҚШЫ

Түркістан облысында шетелдік инвесторлар тарту арқылы кәсіпорындар ашу, жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы бірлескен жұмыстар жалғасып жатыр. Осы мақсатта облыс әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік кәсіпкер Сун Чунмин және «Turan Shenhua» компаниясынығ директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Рысбековпен кездесті. Кездесу барысында екіжақты қарым-қатынасты нығайту, өңірде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері жан-жақты талқыланды. Бұған дейін Кентау қаласының арнайы экономикалық аймағында газ қазандықтарын шығаратын зауытты сәтті іске қосқан инвесторлар облыста мұздатқыш шығаратын зауыт ашуға қызығушылық танытып отыр. Тіпті, нақты жобаларын да ұсынды.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, ұсыныстарға ашық екенін жеткізді.
Инвесторлар Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға алғысын білдіріп, кезекті жобаны қолға алуға дайын екенін айтты. Алдағы уақытта өнім көлемін арттыруды, сондай-ақ мұздатқыштан бөлек, тұрмыстық техника түрлерін шығаруды жоспарлап отыр.
Компания мұздатқыш шығару жобасын жүзеге асыруға 5,5 млрд. теңге инвестиция салуға дайын. «TURAN Shenhua» компаниясы жұмыстарды 2026 жылы бастауды көздеп отыр. Өндіріс орны толық іске қосылғанда 300-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. Жоба қуаттылығы жылына – 250 мың дана. Зауытты Кентау қаласында салу жоспарлануда. Келіссөздер нәтижесінде тараптар өнеркәсіп және өндіріс салаларында ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екендерін білдіріп, бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша жұмыс істеуге уағдаласты.