Қазақстанның мәдениет қайраткері, Түркі әлемі суретшілері академиясының академигі Батухан Әбдікермұлы Баймен 70 жаста. Шымкентте мерейтойға орай «Уақытпен үндескен өнер» атты кең ауқымды шығармашылық кеш өтті. Мәдени шара өнерсүйер қауымды, зиялы қауым өкілдері мен жас суретшілерді бір арнаға тоғыстырды.
Шара барысында суретшінің жеке көрмесі де ел назарына ұсынылды. Сонымен қатар, Батухан Байменнің өмір жолын баяндайтын бейнебаян, шығармашылық кездесу де ұйымдастырылды. Мәдениет саласының өкілдерінің құттықтау бағдарламасы тағы бар. Туындылардан автордың жылдар бойы ізденісі, қазақ өнерінің болмысын жаңаша қырынан танытуға деген талпынысы байқалады.
Кеш соңында музыкалық композициялар мен концерттік бағдарлама ұсынылып, көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады. Өнер иесінің мерейтойы ұлттық бейнелеу өнерінің дамуына қосқан үлесті дәріптеп қана қоймай, жас буынды өнерге жетелейтін тағылымды мәдени шара ретінде есте қалды.
