Шымкентте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының құны өспейді. Бағаны тұрақтандыру мақсатында шымкенттік шенеуніктер тиісті жұмысты атқаруда. Мәселен бұл жолы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын өсірмеу және инфляцияны тежеу мақсатында қала әкімдігі мен ірі сауда желілері өкілдері өзара келісімге келді. Арнайы меморандумға да қол қойылды. Рәсімге қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов қатысты.
Әлеуметтік маңызы бар жобаны «Грамад», «F-Mart» секілді шаһардағы ірі супермаркеттер, азық-түлік базарлары, ұн, ет, сүт, жұмыртқа, нан-тоқаш өндірушілер мен көтерме жеткізушілер де қолдап отыр. Жалпы 100-ден астам кәсіпкерлік субъектісі келісімге қол қойып, делдалдық тізбектерді қысқартып, бағаны негізсіз өсірмеуге және нарықтағы тұрақтылықты бірге қамтамасыз етуге уағдаласты.
Бұл қадам – Шымкенттің азық-түлік қауіпсіздігін күшейтуге және тұрғындардың әлеуметтік жағдайын қорғауға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Айта кетейік, жауаптылар күн сайын әлеуметтік тауардың бағасына мониторинг жүргізіп, жағдайды кәсіпкерлермен бірге тұрақты бақылауда ұстап келеді.
