УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

СУРДЛИМПИАДАДАН ЖЕҢІСПЕН ОРАЛҒАН СПОРТШЫҒА ПӘТЕР БЕРІЛЕДІ

Токио төрінде өткен 25 жазғы Сурдлимпиадада Шымкент қаласының спортшылары ел абыройын асқақтатып, халықаралық аренада үлкен жетістікке жетті. Жапониядан жеңіспен оралған шымкенттік спортшыларды әуежайдан арнайы делегация салтанатты түрде қарсы алды. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы, жанкүйерлер, бапкерлер және спортшылардың ең жақын туыстары қолына гүл ұстап, жеңімпаздарды құшақ жая күтіп алды.

65 келі салмақта белдескен Пернеш Шадияр дода басталған сәттен-ақ өз салмағында фаворит екенін дәлелдеді. Қарсыластарының ешқайсысына мүмкіндік бермеген отандасымыз финалда ирандық балуанды айқын басымдықпен жеңіп, Сурдлимпиаданың алтын медалін еншіледі. Еркін күрестен Қазақстан құрамасындағы жалғыз алтынның авторы — дәл осы шымкенттік спортшы.

86 келі салмақта сынға түскен Рсалы Сабыржан да әлемдік додада ел намысын лайықты қорғады. Бақталастарынан басым түсіп, жартылай финалға дейін жол салған ол қола медаль үшін өткен шешуші белдесуде грек балуанын жарыс жолынан шеттетіп, Сурдлимпиаданың қола жүлдегері атанды.

Айта кетейік бұл Сурдлимпиада 15–26 қараша аралығында өтіп жатыр. 80 елден жиналған 3000-ға жуық спортшы 21 спорт түрі бойынша бақ сынасып жатыр.

Жерлестерімізді қарсы алған қала әкімдігі мен дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері спортшылардың бұл жетістігі ел рухын көтеріп, шымкенттік спорттың жаңа белесін айқындағанын атап өтті.