Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сильван Гиогемен кездесті. Тараптар инвестиция тарту, экономикалық әріптестікті кеңейту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Көшеров өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстырып, Францияның ірі компанияларын Түркістанда жұмыс істеуге шақырды. Оның айтуынша, облыста туризм, ауыл шаруашылығы, мәдени мұра және өндіріс салалары қарқынды дамуда. Халықаралық әуежай, тарихи нысандар, табиғи ресурстар және арнайы экономикалық аймақтар шетел инвесторларына қолайлы жағдай жасайды.
Өз кезегінде Франция елшісі Сильван Гиоге Түркістан өңірінің мүмкіндіктерін француз кәсіпкерлеріне таныстыратынын және ауыл шаруашылығы, туризм, білім, өндіріс салаларында серіктестікті дамытуға мүдделі екенін атап өтті. Тараптар мәлімет алмасып, жаңа жобаларды нақты талқылауға уағдаласты.
