Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркияның ұлттық мәжіліс депутаты Зорлу Кюршадпен кездесті. Тараптар екіжақты ынтымақтастықты жан-жақты талқылап, әріптестікті нығайту жолдарын қарастырды. Өңір басшысы екі ел арасындағы қарым-қатынастың тереңдігіне тоқталып, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға әрқашан қолдайтынын жеткізді.
Түркияның ұлттық мәжіліс депутаты Түркістан облысының әлеуетін жоғары бағалап, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін айтты. Бауырлас Қазақстан мен Түркия арасындағы достық пен ынтымақтастық байланыстар жаңа деңгейге көтерілгенін тілге тиек етті. Сондай-ақ ол, ынтымақтастық екі ел үшін де жемісті болатынына сенім білдірді.
Айта кетсек, Түркістан облысында түрік компанияларының қатысуымен 2 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Түркістан қаласында халықаралық әуежайдың құрылысын түркиялық компания рекордтық қысқа мерзімде аяқтаған. Сонымен қатар Түркістан қаласына туристерді тарту мақсатында «Керуен – Сарай» туристік кешені салынып, халық игілігіне берілді. Бұл нысандар өңірде туризм саласын дамытуға оң ықпалын тигізуде. Одан бөлек, облыста үкіметаралық келісім негізінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жұмыс істейді. Қазіргі уақытта облыста қолайлы инвестициялық ахуал жасалған. Өңірде 20 индустриялық және «Turan» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Онда инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскесі және дайын өндіріс алаңдары ұсынылады. Арнайы экономикалық аймақ өз қатысушыларына салықтардан, кедендік баждардан және инфрақұрылымы бар жер учаскелерінен өтеусіз негізде босатуды қамтитын ерекше құқықтық режимді ұсынады. Сонымен қатар жаңа өндірістік жобаларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін «Шағын өнеркәсіптік парктер» салынуда.
