Мейірім шуағы! Киелі шаһарда қылқалам және қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті. Шараға өңірдің талантты ерекше жастары қатысып отыр. Бірі тоқыма бұйымын ел назарына ұсынса, енді бірі өздері салған суретті көрмеге ұсынған. Бұйымдарды көріп, көз сүрінеді. Бұл шараның басты мақсаты ел арасындағы табиғатынан ерекше таланттарды танып, олардың шығармашылық ізденісін ұлғайту. Дарынды жастардың шеберлігін шыңдап, ынтасын ояту болып табылады. Көрмеге қатысушылар ерекше жандар болса да , өнерге деген сүйіспеншіліктері келушілерді таң қалдырды. Әр туынды қажырлы еңбекті талап ететіні көрініп ақ тұр.
Көрмеге қатысушылардың бірі – Надыр Фархатұлы. Ол, Сарыағаш ауданынан келген қолөнерші. Жас Қолөнер шебері ағаштан тұрмыстық және сәндік бұйымдар жасайды. Тіпті бұл өнері арқылы кәсіпке де бет бұрған. Ол мемлекеттік қайтарымсыз грант алып, бизнесін дамытып отыр.
Жыл сайын өтетін дәстүрлі шараның бұл жолғы форматы өзгеше болды: бұрын байқау ретінде өтсе, биыл көрме түрінде ұйымдастырылып, барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен сый-сияпаттар табысталды. Шара соңында жас шеберлердің ерекше туындылары аукционға қойылып, қонақтарға ұсынылды.
