УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ӘЛЕУМЕТ НЫСАНДАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫС БАРЫСЫ БАҚЫЛАУДА

Түркістанда әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы жіті қадағаланып жатыр. Бүгін облыс әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев бірқатар құрылыс алаңын аралап, жұмыстардың барысын тексерді.

Ең алдымен мемлекеттік мекемеге арналған жаңа әкімшілік ғимараттың құрылысы қаралды. «Ернур строй и К» ЖШС жүргізіп жатқан нысанның инфрақұрылымы толық тартылған, ішкі жұмыстар қарқынды. 70-тен астам жұмысшы мен 5 техника жұмылдырылған. Ғимарат жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.

Келесі нысан — 60 орындық балалар оңалту орталығы. «Turkistan international airport» ЖШС демеушілігімен салынып жатқан орталықтың құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталған, медициналық жабдықтар орнатылған. Жақын күндері іске қосылатын орталық 80 адамды жұмыспен қамтиды.

Сонымен бірге 99 гектар аумақта салынып жатқан атшабардың құрылысы да тексерілді. Халықаралық талапқа сай салынған кешенде трибуна, манеждер, жылқы қоралары, ветеринарлық бекет және көкпар алаңы қарастырылған. Қазіргі таңда дренаж қабаты төселіп, құм жағу және жабдық орнату жұмыстары жүріп жатыр. Бұл нысан да жыл соңына дейін тапсырылуы тиіс.
Еркебұлан Дауылбаев мердігерлерге жұмысты мерзімінде әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Бірқатар кемшіліктер көрсетіліп, оларды жоюға уақыт берілді.