Түркістан облысында Бензин мен дизель бағасын көтеруге моратррий енгізілген. Бағаны тұрақтандыру және тапшылықтың алдын алу үшін облыс көлемінде арнайы жұмыс топтары құрылған. Олар күнделікті мониторинг жүигізіп жатыр. Нәтижесінде 89 жанармай бекетінде бағаны өсіру фактілері анықталып, құны қалыпқа келтіріліпті . Бұл туралы облыс әкімінің апталық мәжілісінде белгілі болды. Сондай ақ, жанармайды көрші елге заңсыз тасымалдауды болдырмау мақсатында Сарыағаш, Қазығұрт, Мақтаарал аудандарында рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, қатаң бақылау жүргізілуде. Жыл басынан бері мұнай өнімдерінің заңсыз айналымының 247 фактісі анықталған. Айыппұл көлемі 10 млн теңгеден асады. Қазіргі таңда облыста жанармай тапшылығы жоқ, баға тұрақты.
Облыстық аппарат мәжілісінде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жауаптыларға жанармай бағасын тұрақтандыру және тапшылығын болдырмау бойынша нақты тапсырмалар берді.
Сонымен қатар, Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов жанармай тапшылығының алдын алу шаралары туралы баяндады.
Сұйытылған мұнай газына қатысты да жағдай тұрақтандырылуда. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев хабарлауынша, биылғы жылдың төртінші тоқсанына министрлік тарапынан өңірге 32мың тоннадан астам сұйытылған мұнай газы бөлінген.
Өңірде 50 кәсіпкерлік субъектісі сұйытылған мұнай газын таратады, ал газ құю станцияларының саны – 314. Газдың бағасы 1 литрі 102-107 теңге. Осы жылдың 15 қазанынан бастап облыстың бірқатар ауданында газ тапшылығы байқалған. Бұл Атырау облысындағы газ өңдеу зауытының жоспарлы жөндеу жұмыстарына байланысты болған. Облыстың тәуліктік газ тұтынуы 450-500 тоннаны құраса, зауыттан шығатын көлем 250-300 тоннаға дейін төмендеген.Түркістан облысында жанармай мен сұйытылған газ тапшылығын болдырмау бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде, бағаны тұрақтандыру және заңсыз тасымалдауды тоқтату шаралары әрі қарай да жалғасады.
