«Тегін көшет ал да, өз ағашыңды отырғыз»! Келес ауданының орталығы Абай ауылында күзгі ағаш егу акциясы өтті. Игі шараға аудандық әкімдік қызметкерлері, өңір ардагерлері, кәсіпкерлер, тазалық қызметкерлері және еріктілер қатысты. Басты мақсат — аудан аумағын көгалдандыру және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Акцияға қатысқан аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев жүргізіліп жатқан жұмыстардың маңыздылығын да атап өтті. Айта кетейік ағаш егу жұмыстарына 10-нан астам жуық техника жұмылдырылды. Белгіленген жоспар бойынша күз мезгілінде аудан көлемінде 25 мыңнан астам тал егу жоспарланған. Ағаш көшеттері көршілес Қазығұрт ауданындағы «Жасыл желек» мекемесіне қарасты тұқымбақтардан жеткізілген. Сондай-ақ, барлық ағаштардың маңы суару жүйелерімен толықтай қамтылған.
Сонымен қатар, шара аясында жастар «Таза табиғат, таза болашақ» атты ұранмен флешмоб ұйымдастырды. Одан бөлек, «Бірлік ел тірегі» атты дөңгелек үстел өтті.
