Түркістан облысында өткен жылмен салыстырғанда туризм саласында оң өсімі байқалады. Соңғы ақпарға сәйкес, қонақүйде демалғандар саны 151 мың адамға жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңінен 7%-ға өскен. Орналастыру орындарымен көрсетілген қызмет көлемі 3,98 млрд. теңгені құрады.
Бұл туралы Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде баяндалды. Облыс басшысы жауапты тұлғаларға туристер ағынын арттыру, жаңа бастамаларды іске асыру бойынша бірқатар тапсырма жүктеді. Сонымен бірге Өзбекстан сапарындағы кездесулер нәтижесі бойынша жұмыс жүргізуді, тың идеяларды қолға алуды тапсырды.
Жиында облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуовтің есебі тыңдалды. Соңғы ақпарға сай туризм саласындағы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 60 млрд. теңгеге жуықтайды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 27%-ға өскен.
Биыл ішкі туристер санын 350 мың адамға, шетелдік келуші туристер санын 18 мың адамға жеткізу межеленген.
Мәжіліс барысында көршілес елдің тәжірибесін пайдалана отырып, туризмді дамыту бағытында бірқатар ұсыныстар айтылды.
