Өңір жаңалықтарын жалғастырамыз! Келестіктер үшін тағы бір жағымды жаңалық! Келес ауданына қарасты Абай ауылында заманауи спорт кешені ел игілігіне берілді. Нысан “Ауыл – Ел бесігі” жобасы аясында салынған. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров кешеннің ашылу салтанатына арнайы қатысып, келестіктердің қуанышымен бөлісті.
Заманауи спорт кешенінің жобалық құны 2 млрд. теңгеге жуықтайды. Мұнда 250 жанкүйерге арналған жарыс залы, волейбол, баскетбол, күрес, аралас жекпе-жек, бокс залдары қарастырылған. Мұнда тек жаттығу өткізіп қана қоймай, ірі жарыстар өткізуге де болады.
Айта кетейік, биыл облыс көлемінде 102 спорт нысанын салу жоспарланып, оған қажетті қаржы бөлінді. Бүгінде 66 нысанның құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. Олардың қатарында ескек есу каналы, 5 спорт кешені, спорт залдар мен алаңдары және футбол манеждері бар. Өңірде бұқаралық спортты дамыту бағытында халықаралық спорттық сайыстар легі де жалғасып келеді. Ел намысын қорғап жүрген спортшылар да жетерлік. Облыста спорт саласына қолдау көрсету жұмыстары жалғаса бермек.
