Биыл елімізде алғаш рет Кәсіпкерлер күні ресми түрде атап өтілуде. Кәсіби мереке аясынжа түркістандяқ бизнес иелерінің мерейі үстем болды. Түркістанда кәсіпкерлердің кәсіби мерекесіне орай салтанатты жиын өтті. Өңірдің бизнес өкілдерімен арнайы кездескен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров кәсіпкерлерді кәсіби мерекемен құттықтап, олардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесін атап өтті.
Салтанатты шарада облыс басшысы «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-конкурсының жеңімпаздарын және кәсіпкерлікті дамыту мен инвестиция тартуда үздік нәтиже көрсеткен компанияларды марапаттады. Сондай-ақ өңір экономикасына инвестиция тартуда және жобаларды жүзеге асыруда белсенділік танытқан кәсіпкерлер де облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Өңірдің үздік кәсіпкерлері облыс әкімдігі мен Кәсіпкерлер палатасына көрсеткен қолдауы үшін алғыстарын білдіріп, өз тәжірибелерін бөлісті.
Айта кетсек, бүгінде облыста 216 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі қызмет етіп, облыстың дамуына өз үлестерін қосып келеді.
