Түркістан облысында жаңа өндіріс орнының капсуласы қаланды! Жоба құны 7 млрд теңгені құрайды.«BEREKE PLASTIC» зауытының құрылысы жүргізіліп, 7 заманауи өндірістік кешен «TURAN» арнайы экономикалық аймағында бой көтереді. Алғашқысы келер жылдың ақпан айында іске қосылады. Бұл Түркістан облысының индустрияландыру мен инвестиция тарту бағытында қарқынды дамып келе жатқанының көрінісі. Жаңа өндіріс орындарының іске қосылуы – өңірдің экономикалық дербестігін арттырып, халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Сауран ауданының Оранғай ауылында орналасқан зауыттың іргетасын қалау рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров те қатысты.
Өңір басшысы сондай-ақ биыл 8 мыңнан астам түлек ірі инвестициялық жобаларға тартылатынын атап өтті. Қазір облыс бойынша жүзеге асырылатын жобаларға 3 мыңға жувқ жұмысшы маман қажет. Бұдан бөлек, агроөнеркәсіп, энергетика, техника және құрылыс салалары бойынша 11 мамандық бойынша кадр тапшылығы анықталған. Осы бағыттарда колледждерге жаңа лицензиялар беріліп, өңірге қажетті жұмысшы кадрларды даярлау жұмыстары басталып жатыр.
«BEREKE PLASTIC» зауытының іске қосылуы өңірдің ғана емес, тұтас елдің экологиялық және экономикалық даму стратегиясымен үндеседі. Бір реттік ыдыс-аяқ шығару жобасы – Қазақстанда сирек кездесетін бағыттардың бірі. Бұл өндіріс отандық нарықтың сұранысын қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті арттыруға да мүмкіндік береді. Жаңа зауытта жылына 600–700 тонна пластик және қағаздан жасалған бір реттік ыдыс-аяқ пен тұрмыстық бұйымдардың 18 түрі өндіріледі. Кәсіпорынның іске қосылуы нәтижесінде 65 жаңа жұмыс орны ашылады.
