УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ХАЛЫҚТЫ САПАЛЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫММЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

Түркістан өңірінің халқын сапалы инфрақұрылыммен қамту жұмысы қарқын алды. Биыл бұл бағыт бойынша 220 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Оның 121-і биыл аяқталуы қажет. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде коммуналдық нысандардың құрылыс тағы да пысықталды. Өңір басшысы құрылыс жұмыстарының барысын тұрақты бақылауды тапсырды. Бастысы жұмыс сапасына мән беру керек екенін тағы да ескертті.

Мәжілісте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқарма басшысының орынбасары Роза Олжабайқызы баяндама жасады. Сөзіне сенсек, коммуналдық нысандардың құрылыс барысы қатаң бақылауда. Биыл өңір тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту мақсатында 66 нысанның құрылысы басталды. Жыл соңына дейін өңір тұрғындары кәріз жүйесімен де қамтылады деп күтілуде. Яғни 10 нысанның құрылысы аяқталады. Ал газдандыру үшін 80 нысанның құрылысына тиісті қаржы бөлінген. Осы жылы 73 мың халқы бар 43 елді мекен табиғи газға қосылады деп көзделген

Сонымен қатар жиында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жуматаевтың есебі тыңдалды. Жыл соңына дейін ұзындығы 951 шақырымнан астам 233 нысанды пайдалануға беру көзделуде. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 94 пайыздан асады.