УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН МУЗЫКАЛЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ БЕСІНШІ МАУСЫМЫ «БЕКЗАТ» ПРЕМЬЕРАСЫМЕН АШЫЛДЫ

Түркістан музыкалық драма театрында V маусым ашылды. Маусым шымылдығы биыл даңқты боксшының туғанына 45 жыл толуына орай «Бекзат» драмалық қойлымымен түрілді. Қуат Ежембектің пьесасы негізінде қойылған бұл туындыда киелі Түркістан топырағында дүниеге келіп, қазақ спортының айбынды жұлдызына айналған, Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың өмір жолы бейнеленген. Аншлагпен өткен премьера төрт күнге жоспарланған. Қойылымды тамашалауға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Бекзаттың анасы Сырлыкүл Саттарханова және Тұрсынғали Еділов, Мырзағали Айтжанов, Нұрлан Жұмабаев бастаған танымал бапкерлер арнайы келіп тамашалады. Сонымен бірге Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов пен күміс жүлдегер Мұхтархан Ділдәбеков және өзге де әлем чемпиондары мен жүлдегерлері көрермен қатарын толықтырды.

Театрға келген көрермендер қойылым басталар алдында Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың өмірі мен спорттық жетістіктеріне арналған арнайы көрмемен танысты. Экспозицияда боксшының жеке заттары, фотосуреттері мен марапаттары қойылған. Облыс әкімі Бекзаттың анасы – Сырлыкүл апаның иығына орамал жауып, құрмет көрсетті. Спектакль – тек шаршы алаңдағы жеңістерді ғана емес, ананың алаңдаған жүрегін, әкенің үкілі үмітін, алғашқы махаббаттың мөлдір сезімін, жарыстардағы бәсекелестікті шынайы жеткізіп, жұртшылықты тәнті етті. Осылайша, көрермен Бекзаттың спорттық биіктерін ғана емес, оның адами болмысын, нәзік сезімдерін, отбасылық құндылықтарын және ел алдындағы жауапкершілігін де танып білді.
Премьераны тамашалаған көрермен қауым қазақ спортының шоқжұлдызы Бекзат Саттархановты еске алып, ерекше тебіреніспен қолдау білдіріп, өнер ұжымының ізденісін жоғары бағалады. Айта кетсек, аталған қойылымның премьерасы 9-12 қазан күндері аралығында сағат 19:00-де өтеді.