УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

МЕРЗІМДІ ҚЫЗМЕТІН АЯҚТАҒАН 140 САРБАЗДЫ ЗАПАСҚА ШЫҒАРЫП САЛУ РӘСІМІ ӨТТІ

Шымкенттегі 35748 әскери бөлімінде мерзімді қызметін аяқтаған сарбаздарды салтанатты запасқа шығарып салу рәсімі өтті. Бұл шара – ел қорғаны болған жауынгерлердің еңбегі мен табандылығына құрмет көрсету сәті болды. Себебі 1 жылда 30 сарбаз спорттық дәрежелерге де қол жеткізген.
12 ай қызмет уақытында запасқа шығарылған 140 сарбаздың арасынан 5 спорт шебері, 10 бірінші дәрежелі және 15 екінші дәрежелі спорт шебері дәрежесіне қол жеткізіпті. Бұл – әскер қатарына келген жастардың тек әскери ғана емес, спорттық дайындық деңгейінің де жоғары екенін айғақтайды. Спорттағы бұл жетістіктер – тәртіптің, шыдамдылықтың және рухтың бірлігін көрсететін маңызды нәтиже.

Бір жылдық қызмет барысында сарбаздар жауынгерлік, мемлекеттік-құқықтық және оқу-жаттығу дайындықтарында жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Осылайша әскери, бөлімнің абыройын асқақтатты. Әскери тәртіп пен техниканы меңгеруде үлгі көрсетіп, өз міндеттерін мінсіз орындады.
Салтанатты шара аясында Әскери бөлім командирі міндетін уақытша атқарушы, подполковник Айдос Исаев ел тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтауда қызмет еткен сарбаздарға алғыс білдірді.

Айта кетсек, құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысының кезектен тыс тексеруі кезінде де сарбаздар жауынгерлік дайындықтан жоғары баға алған болатын.