УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: БІР АПТАДА 177 ТОННА ҚОҚЫС ШЫҒАРЫЛДЫ

Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жобасы жүйелі түрде іске асуда. Өткен аптаның өзінде облыс аумағындағы елді мекендерде 200-ден астам тазалық шарасы өтті. Оған 60 мыңға жуық тұрғын қатысып, 177 тонна қоқыс шығарылды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде баяндалды. Жиында Өңір басшысы санитарлық тазалық жұмыстарын күшейтуді, рейдтер ұйымдастырып, рұқсатсыз қоқыс төгілген орындарды анықтауды тапсырды.

Соңғы ақпаратқа сәйкес, «TazaQazBot» ақпараттық жүйесіне 3 мыңнан астам өтінім келіп түскен. Оның 90 пайыздан астамы орындалыпты. Бұдан өзге, жыл басынан бері қоғамдық орындарда санитарлық талапты сақтамаған азаматтарға 16 мыңнан астам хаттама толтырылып, айыппұл да салынған.

Ал жұмысшы топ тарапынан аудан, қала аумағына апта сайын мониторинг жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дегенмен, қоқыс жиналатын орындар әлі де азаймай отыр.
Айта кетсек, аппарат мәжілісінде жылыту маусымына дайындық барысы да пысықталды.