«AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалының өкілдері бокстан Әлем чемпиондарын төрге шығарды! Ливерпульде ел намысын асқақтатып, Әлем чемпионы атанған спортшылар салтанатты түрде марапатталды.
Әлемдік рингті дүр сілкіндірген саңлақтарымыз – Айбек Оралбай, Санжар Тәшкенбай және ел мақтанышына айналған ағайынды Махмұд және Төрехан Сабырхандар Шымшаһар төрінде қошеметке бөленді. Боксшылар ел намысын қорғау үшін жылдар бойы еңбек еткенін айтады. Ал жеңіске жетіп, көк туымыз көкке желбірегендегі сезімді сөзбен жеткізе алмаймыз дейді.
Әділ додада қарсыласын шаң қаптырып, елдің абыройын асырған ерлерге 1 миллион теңге көлемінде сертификат, алғыс хат және қазақы дәстүрдің айнымас нышаны – қастерлі шапан табысталды. Салтанатты шараға арнайы қатысқан Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Оспан Даниярұлы чемпиондарға құрмет көрсетіп, олардың жеңісі – жастарға жігер, елге қуаныш сыйлағанын ерекше атап өтті.
Еске салайық бұған дейін ағайынды әлем чемпиондарын қала әкімі Ғабит Сыздықбеков демеушілер есебінен берілген қаржылай және автокөлік кілтін табыстап марапаттаған болатын.
