УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ҚАЛА ӘКІМІ ЕҢБЕКШІ АУДАНЫ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Screenshot

Бірнеше күннен бері қала басшысы әр ауданға барып, тұрғындармен жүздесіп, олардың талап-тілегін тыңдап келді. Соңғы кездесу Еңбекші ауданында өтті. Тұрғындар әкіммен ашық пікір алмасуға мол мүмкіндік алды. Жиынға келген халықтың көтерген мәселелері сан түрлі болды. Бірқатары инфрақұрылымға байланысты ойларын білдірді. Әсіресе, ішкі көшелердің жөндеу жұмыстары, жарықтандыру жүйесін жаңарту, мәдениет үйі мен оқушылар сарайын салы секілді мәселелер қызу талқыланды.

Әлеуметтік азық түлікке қатысты сұрақ біраз талқыға түсті. Яғни, тұрғындар ірі қара малдың мойын бөлігін ешкім жемейді, бірақ бағасы аспандап тұр дейді.

Бұдан бөлек, тұрғындар көгалдандыру, ойын алаңшаларын абаттандыру секілді тұрмыстық мәселелерді көтерді.

Қала әкімі әрбір сауалды жіті тыңдап, тұрғындардың өтініштерін назарға алды. Сонымен қатар, тиісті басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Ғабит Сыздықбеков мәселелердің шешімі бақылауда болатынын айтып, қалада жүргізіліп жатқан іргелі жобалар жайлы да қысқаша ақпарат берді.

Жиын соңында тұрғындар ашық диалог форматына ризашылықтарын білдірді. Олар әкімнің халықпен жүздесіп, проблемаларды тікелей тыңдағанына оң бағасын беріп, алғыс айтты.

Осылайша, Еңбекші ауданында өткен кездесу қала әкімі өткізген көшпелі кездесулер легінің қорытындысы болды. Бірнеше күн бойы әр ауданда көтерілген мәселелер енді жұмыс жоспарына енгізіліп, кезең-кезеңімен шешілмек.