УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ТҰРҒЫН ҮЙ САПАСЫ, ЖОЛ, ТОЗЫҒЫ ЖЕТКЕН ЖЕДЕЛ САТЫ: ХАЛЫҚТЫҢ МӘСЕЛЕСІ ӘКІМНІҢ НАЗАРЫНДА!

Screenshot

Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың халықпен көшпелі кездесуі Қаратау ауданында жалғасын тапты. Жиналған жұрттың қарасы қалың болып, тұрғындар әкіммен ашық пікір алмасуға мүмкіндік алды. Алдымен тұрғындар атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, соңғы жылдары ауданда жасалған өзгерістер үшін ризашылығын білдірді. Дегенмен, жиында шешімін күткен мәселелер де аз айтылған жоқ. Азаматтар көлік кептелісінің жиілігін, аялдама тапшылығын және қоғамдық көлік қозғалысының жеткіліксіздігін алға тартты. Тұран-2 шағын ауданындағы көпқабатты үйлердің сапасына да сын айтылды. Ал кейбір тұрғындар қаңғыбас ит-мысықтар мен көшеде жайылған қара малдан қауіп бар екенін жеткізді. Бұл тұрғыда қала әкімі тазалық пен тәртіпті бірлесіп сақтау қажеттігін еске салды.

Тұрғындар әкімнен ауданға полиция бөлімшесін салып беруді де сұрады. Сонымен қатар ойын алаңшасы, қоқыс тастау жұмысы мен түнгі уақыттағы тойханалардағы тынымсыз жұмыстар жайы да айтылды. Ал, Нұртас шағын ауданының тұрғындары бос уақытын өткізетін демалыс аймағының жоқтығына тоқталып, жаңа саябақ салып беруді сұрады. Сондай-ақ, жолдарды асфальттау, көше атауларын жаңарту, кәріз жүйесін жетілдіру сынды мәселелер күн тәртібіне шықты.

Айта кетейік, тұрғындар көпқабатты үйдегі лифт мәселесін де ашық айтты.

Тассай тұрғын алабында қызыл сызыққа түскен үйлерге қатысты сұрақтар қойылып, қариялар баспаналарының нөмірлері өзгергендіктен құжат сәйкессіздігі туындап отырғанын айтты. Кәріз жүйесіне қатысты шағым да ерекше назар аудартты. Тұрғындардың сөзінше, жауапты мекемелер «жүйе дайын» дегенімен, қосылғаннан кейін құбырлар толып, қалдық су сыртқа шығып кеткен. Бұл көпқабатты және жеке үйлерге бірдей қолайсыздық әкелуде.

Жиын соңында қала әкімі көтерілген барлық ұсыныс-шағымдарды жауапты басқармаларға тапсырып, кейбір сұрақтарға сол жерде-ақ шешім қабылданды. Ғабит Сыздықбеков тұрғындардың ризашылығына алғыс айтып, халық үніне құлақ асатын ел ретінде бірігіп жұмыс істеуге шақырды.